26 Шілде, 2016

 Мүгедек жанның үміті

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
26072016-2JPG Ол – «Әйгерім» фильмі Семейде АТОМ жобасы ая­сында көптеген шаралар легі ұйымдастырылуда. Соның бірі мүгедек жанның тағдырына арналған «Әйгерім» көркем фильмінің тұсаукесері №3 мектепте өтті. «Жас ұлан» киностудиясында түсірілген бұл фильмнің тәрбиелік мәні зор, адамдардың бір-біріне қамқор болуын және қоғамымыздағы мүгедек жандарға қарайласуға үйретеді, деді тұсаукесер барысында мектеп директоры Нұржан Ахметқалиев жоғары сынып оқушыларына қарата. Фильм Қазақстан халқы Ассамб­­леясының тапсырысы бойынша тү­сірілген. Режиссері Еркін Рақышев. Ол жастай көзі көрмей қалған Әйгерім деген қыздың ауыр тағдырына құрылған. Әйгерім есейген шағында тігінші болып жұмысқа орналасады. Бірде ол қоларбаға таңылған Ерлан есімді жігітпен танысады. Әйгеріммен араласа жүріп Ерланның ойына кішкентай кезінде бір қыздың көзіне химиялық зат төгіп, зақымдап алғаны түседі. Айта кету керек, бұл фильмнің сценарий авторларының бірі семейлік жас қаламгер, мүгедек жан Нұркен Бектас. Фильмді тамашалаған №3 мектептің қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзия Дүйсенқызының айтуынша, осындай кино балаларды адамгершілікке тәрбиелейді. Себебі, фильмді тамашалап отырсаңыз, Қытайда Лу деген дәрігер жаңа препарат ойлап тапқанын, оның Әйгерімге көмегі тиюі мүмкін екендігін айтады. Ерланның өзі жарымжан екендігіне қарамастан қаражатын Әйгерімнің көзінің еміне ұсынғандығына толқыған дәрігер отаны тегін жасайтындығын айтады. Фильм соңында жас қыздың көзі жазылып кеткендігін көрген оқушылардың да қуанышында шек болмады. Бұл тұрғыда 9 «а» сынып оқушысы Әсима Әлібекова, 8 «б» сынып оқушысы Ақсәуле Кәрібаевалар адам өз сенімін ешқашан жоғалтпау керектігін осы фильм­нен үй­ренуге болатындығын тілге тиек етті. Фильмнің тұсаукесеріне қатысқан ақын, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Сұлтанбеков мұндай фильмді отандық телеарналардан көрсетіп, жастар сыйлығына ұсынған жөн екендігін айтты. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ